Қызыл Там (Ахмет) кесенесі

Орналасқан жері: Жарқайың ауданы Далабай ауылынан оңтүстік-батысқа қарай, Есіл өзенінің оң жағалауына қарай, аудан орталығы Державинск қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан.

Қысқаша ақпарат: Қызыл Там кесенесі ХХ ғасырдың басындағы сәулет - діни ескерткіш ретінде саналады.

Ахмет кесенесі (Қызылтам) - ХХ ғасырдың басындағы сәулет өнері ескерткіші. Ақмола облысының Жарқайың ауданында оңтүстік-батысқа қарай жеті шақырым жерде, Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан. Ахмет кесенесін алғашқы рет 1955 жылы Қ.Ақышевтың жетекшілігімен Ақмолалық археологиялық экспедициясы зерттеген. Кейіннен 1980 жылы «Қаз-қайта жаңғырту» мекемесінің экспедициясымен (жетекшісі Ж.Шайкенов), 2006 жылы «ҚазЖоба қалпына келтіру» Республикалық мемлекеттік кәсіпорыны ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының жиынтық бөлімімен (жетекшісі Г.Қамалова) зерттелген. Көпес Ахмет Танкеевтің тапсырысы бойынша Тұрабай және Рапай атты құрылысшылармен салынған. Қабырғалары саз ерітіндісінен құйылып, күйген тік бұрышты кірпішпен қаланған және екі жағынан күйдірілген кірпішпен қапталған, цокольді қабаты тақтатастан қаланған. Төртқырлығының төрт бұрышындағы бет жақ қалауы табанынан 2 метр биіктікке дейін бұзылған. Кірпіш қалауындағы тік жарықтары бар ең үлкен бұзылыстар оңтүстік-шығыс қасбетінде шатырға қарай баспалдақ құдығының бойында байқалады.

Төртқырлығының жоспардағы мөлшері 6,3 х 6,7 метр кесененің порталды-күмбезді түрін сипаттайды. Цилиндрлі барабан үстіндегі сфера-конустық күмбез төртқырлықтың үстінде 2,5 метр биіктікке көтерілген. Кесенені жалпы биіктігі 7,15 метр құрайды. Оңтүстік-батыс жағындағы бас қасбеті төртқырлықтың үстінен негізгі қабырға жалғасуы есебінен құрылған тік бұрышты портал түрінде орындалған. Есіктің аркалы ойығы жағында садақты маңдайшамен біріктірілген енсіз бағаналармен екі жағынан қос қапсарланған. Қасбеттерінің сәндік безендірілуінің негізінде бет жақ қабырғалары периметрі бойынша тік қалаулар жолақтарымен аралас ромб тәріздес өрнектерімен «Аллаһ» сөзінің араб жазулары шаршы кірпіш қатарларымен жиектелген. Қасбеттерінің орталық алаңдарын күңгірт түсті кірпіш пен өрнегі бар кірпіш қаланған ромб тәріздес сурет толтырады. Ішінде төртқырлықтан күмбезге ауысу аралығы консольдік желкендер мен қабырғалар биіктігі бойымен өтетін жебе тәріздес қуыстар арқылы жүзеге асырылған. Бөлменің оңтүстік-шығыс бұрышында шатырға қарай баспалдаққа апаратын аркалы ойық бар. Табыт үсті мен еденнің кірпіш жабындысы бұзылған.

Аңыз – әңгіме: Баяғыда бұл өңірде Ахмет деген дәулетті адам болыпты.  Күндердің бір күнінде Ахмет бай ұйқысынан оянбай «терең» ұйқыға кетеді. Ол кезде бүгінгідей медициналық біліктілігі жоқ халық байды өлдіге санап, жер қойнына тапсырған екен. Содан біршама уақыттан кейін қабір басынан адамның ащы дауысын естіген елдің есі кетіп, бойларын үрей билейді. Сол өңірдегі ишан-молдаларға хабар беріп, жиналып келіп қабірді ашады. Сөйтсе өлді  деген Ахмет бай өкіріп сыртқа ұмтылады. Әбден қорыққан халық орап қойған кебіні дал-дал оны, Ахметтің бейнесіндегі жын деп ойлап ұрып өлтіреді. Кейін естерін жиған соң өздерінің істерінің ағат болғанын,  Ахметтің расында «терең» ұйқыға кеткенін түсінеді. Елдің үлкен-кішісі жиналып, Ахметті қайтадан арулап көміп басына кесене орнатады. 

Жарқайың ауданының территория аумағында әлі күнге дейін  Ахметтің ұрпақтары өмір сүреді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: Әдебиет беттерінде: Ақмола облысының тарихи және мәдениет ескерткіштерін зерттеу құжаттары «Қазқайта қалпына келтіру» РМК ҒЗЖФ жиынтық бөлімі зерттеді. 2006 ж. Ғ.М. Қамалов.

Ақмола облысының тарихи және мәдени мұрасы. Ескерткіштер жиынтығы, Алматы - 2008 жыл.

Ошибка загрузки данных

Проверьте подключению к интернету

Попробовать еще раз