Паң Нұрмағамбет кесенесі
Орналасқан жері: Ақмола облысы Степногорск қ. Ақсу кенті маңында орналасқан.
Қысқаша ақпарат: Нұрмағамбет Сағынайұлы (1848, Ақмола облысы Ақсу кеніші – 26.12.1925, сонда, Қарабұлақ өңірі) – қазақ меценаты. Халық арасында “Паң Нұрмағамбет” атанған. Асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен айналысқан ірі бай, саятшы, ұлттық этнографияны жаңғыртушы. Нұрмағамбет 1891 жылы Ресейдің болашақ патшасы Николай II Омбы қаласына келгенде, оның құрметіне ұйымдастырылған көрмеге жақсы жабдықталған ақ киіз үй тігіп, 1000 жылқыны сыйға тартқан. 20 ғасырдың басында бұл киіз үй Нижний Новгородта өткен Бүкілресейлік көрмеге, Париж қаласындағы көрмелерге қойылған. Қазір Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы. 1898 жылы ол Дала өлкесінде жылқы өсіруді үлгілі дамытқаны үшін патшадан күміс, кейіннен алтын медаль мен алтын сағат алған. Нұрмағамбет 4 рет қажылыққа барған. 1908 жылы Меккеге қажылық сапарға барғанда Шам (Дамаск) шаһарынан қазақ елінен қажылыққа келушілер үшін арнайы үй сатып алған. Ол имандылықты насихаттап, ауылында ағаштан мешіт тұрғызған
Нұрмағамбеттің үш жүздің басын қосып, әкесі Сағынайдың жылында берген асы айрықша мол, салтанатты болуымен тарихта қалған. Осы аста Ақан серінің атақты Құлагері мерт болған. Нұрмағамбет Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов басқарған ұлт ісіне қаржылай көмек көрсеткен. Ол жайлы Ш.Уәлихановтың еңбектерінде, С.Сейфуллиннің “Тар жол – тайғақ кешу” романында айтылады.
Қазақ тарихында тағы бір осындай есім иесі - Паң Нұрмағамбет. Шын тегі Сағынайұлы болып келетін Нұрмағамбет байды халық тек байлығы үшін емес, ұлты үшін ұлы сөз сөйлеп, билігін жүзеге асыра алғандығы үшін «Жарты патша» атандырса керек. Осы бір тұлға жайлы зерттеп, жарыққа шығарушы қаламгер Мақсұтбек Сүлейменнің айтуынша, ол - Ақмола өңірінде асылтұқымды жылқы шаруашылығын алғашқы дамытушылардың бірі. Нұрмағамбет - ұлт үшін де ұлағатты істер тындырып, байлығын сол жолда сарп еткен ерлердің бірі. Мысалға, оның Алаш көсемдерімен үндес болып, оларға демеушілік жасағаны жайындағы мәліметтер мұрағаттарда сақтаулы. Алайда Паң Нұрмағанбет ел есінде әкесі Сағынайға берген асымен қалған. 1886 жылы берілген сол асқа 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұхар кілем ілінген, 5 тонна шай әкелініп, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынды. 10 мың көрпе-жастық, қонақтарға сыйлауға 500 бұхар шапаны әкелініп, Сібірден 500 бағалы аң терісі алынды. 20 мың қой, 100 жылқы сойылды. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында Арқада өткен Сағынайдың асына кеткен шығынның атақты Тәж-Махал кесенесін салуға жұмсалған қаржымен бірдей болғандығы жазылады.
Пайдаланылған әдебиет тізімі:
- Ш.Уәлихановтың еңбектері;
- С.Сейфуллиннің “Тар жол – тайғақ кешу” (1995 ж.) романы;
- І. Жансүгіровтің “Құлагер” поэмасында;
- Степногор тарихи-өлкетану музейі ғылыми қызметкерлерінің жазбаларында кездестіруге болады.
